Добро пожаловать на Info Orda - Информационную Орду, где ты можешь быть в курсе самых главных событий в Украине и во всем мире! Мы предлагаем тебе уникальное описание сайта, которое захочется перечитывать снова и снова.

Get in Touch

Неліктен екпе алған адамдар да туберкулезбен ауырады?

БЦЖ вакцинасына 100 жыл толды және ол әлі күнге дейін аурудан сақтанудың жалғыз жолы


Туберкулёзден сақтайтын жалғыз вакцинаға 2021 жылы 100 жыл толды. Осы уақыт ішінде бұл екпені 4 млрд адам салдырды. Дегенмен, жыл сайын туберкулёзбен 10 млн адам ауырып жатады, оның 1,4 миллионы осы аурудан қайтыс болады. Осындайда ата-аналардың: ауыру деңгейі осыншама жоғары болса, БЦЖ вакцинасын салдырудың қажеті қанша? – деп сұрауы түсінікті. Біз осы материалымызда БЦЖ екпесін балаларға туған сәтінде салудың маңызы неге жоғары екені, вакцинаның қауіпті асқынулардан бала кезден қалай қорғайтыны туралы және туберкулёзбен ауырғандарды стигматтау жайлы айтамыз.

Құрт ауруынан туберкулёзге

«Құрт ауруы» деген термин орыс медицина қоғамында XVIII ғасырда пайда болды. Ол кезде аурудың «бекзат» реңкі бар деп саналатын. Arzamas тарихи-мәдени жобасы бұл дерт туралы материалында: «Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында, яғни урбандалу деңгейі өсіп, статистика дамыған кезде құрт ауруына шалдыққандардың басым көпшілігі бекзат таптың нәзік жастары емес, түрмедегілер мен зауыт жұмыскерлері екені анықталған», – деп жазады. Шамамен сол уақытта инфекцияның қазіргі заманда бәріне мәлім жаңа атауы – туберкулёз бекітіледі.

«1880–90 жылдары Ресейде әр оныншы қала адамы өкпе туберкулёзінен қайтыс болған; Петербургте құрт ауруынан болатын өлімнің саны сүзектен өлу көрсеткішінен бес есе, азиялық тырысқақтан болатын өлімнен үш есе артық болған». Бірінші дүниежүзілік соғыста Ресей әскерінің 1 700 000 адамынан айырылғаны белгілі. Ал осы төрт жыл ішінде Ресей империясында туберкулёзден 2,5 миллион адам қайтыс болған.

Қазақстан бойынша мұндай сандар дерегі жоқ. Статистика 1917 жылдан кейін, Кеңес одағының аумағында көптеп ашыла бастаған туберкулёзге қарсы медициналық мекемелер дамыған сәттен жүргізілген. Қалай дегенмен, ХІХ ғасырдың ортасында Ресейде қымызға деген жаппай қызығушылық және туберкулёзді қымызбен емдеп, күресуге тырысқаны бұл аурудың сол заманда Орталық Азияда да кең таралғанын аңғартады.

Туберкулёз институты Қазақ Советтік социалистік республикасындағы ең алғашқы ғылыми-зерттеу ұйымдарының бірі болды. Ол 1932 жылы Алматы туберкулёз диспансерінің жанынан құрылды. Ол кезде диспансерде бар-жоғы 5 кабинет болатын – рентген түсіру, балалар емделетін, сүйек ауруларын емдеу және 2 терапевтік. Сол жылы туберкулёзбен ауыратын ересектер емделетін 30 орындық емдеу-диагностикалық бөлімше ашылды. Қазір бұл медициналық мекемеде 10-нан астам бөлімше мен зертхана бар, онда 600-ден астам маман жұмыс істеп жатыр. Тоқсан жылға жуық тарихында мекеме атауы бірнеше мәрте өзгертілді. Қазіргі таңдағы атауы – ҚР Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығы. Дәл осы ғылыми орталықта 30 жылдан астам уақыт істеп келе жатқан қызметкер Лариса Владимировна Кастыкбаевамен балалардан туберкулёз анықтау мәселесі, Манту және АТР сынамалары туралы, БЦЖ вакцинасынан кейін болатын асқынулар жайлы сөйлестік.

Туберкулёзбен кім ауырып қалуы мүмкін?

Туберкулёз – алуан түрлі және күрделі ауру. Сондықтан онымен жай инфекционистер емес, фтизиатр дәрігерлер айналысады, олар нақты осы аурумен және оның асқынған түрлерімен жұмыс істейді.

Ең қарапайым деңгейде түсіну үшін туберкулёздің екі түрін білсе болады – ауызекі тілде оларды «ашық» және «жабық» деп айтады. Ашық түрі дегеніміз – ауру адамнан туберкулёздің микобактериялары (басқаша аталуы – «Кох таяқшалары») бөлінетін жағдай, бұл түрі айналадағы адамдар үшін инфекцияның көзі. Медицина терминімен мұндай пациенттерді «бактерия бөлушілер» деп атайды, олардың жұққыштық деңгейін жөтел мен түшкіру кезінде бөлінетін қақырық анализі арқылы анықтайды. «Жабық» түрі деп ауру адам еш туберкулёз микобактериясын бөлмейтін, сәйкесінше айналасындағыларға қауіп төндірмейтін жағдайды айтады. Бұл түрі өкпе және өкпеден тыс туберкулёзге тән, оны тек рентген арқылы анықтауға болады. Ашық және жабық түрлердің екеуі де 2020 жылдың 30 қарашасында бекітілген туберкулёздің алдын алу туралы №214 бұйрық бойынша емделуге тиіс белсенді туберкулёз деп белгіленген. Қазақстанда бұл аурудың диагностикасы және емделуі тегін.

Қазақстан туберкулёз бойынша эпидемиологиялық жағдайы нашар елдердің қатарына кіреді. Оның себебі ең алдымен ауыру деңгейінде. Соңғы бірнеше жылдың ішінде бұл деңгей ДДСҰ белгілеген қауіпті межеден – 100 мың халыққа 50 ауырған адам көрсеткішінен төмен түсіп кетті. Екінші себеп – емі дәріге берілмейтін туберкулёзбен ауыратындар, олар елдегі жалпы науқастар санының 63,4 пайызына тең. Бұлар туберкулёз микобактерияларын бөлетін және ем қонбайтын пациенттер. Олармен контактіге түскенде ауруды жұқтырып алу ықтималдығы аса жоғары. Қауіп-қатер тобына ең алдымен кімдер кіретінін және ауру қалай жұғатынын Лариса Владимировнамен талқыладық:

«Жұмысымда әлі күнге дейін туберкулёзді тұқым қуалайтын ауру немесе басқа жұққан инфекциялардың асқынған түрі деп санайтын ата-аналар кездесіп тұрады. Алайда бұл ауру әрқашан туберкулёз микобактерияларын, яғни Кох таяқшаларын бөлетін науқастан әңгімелесу кезінде немесе қақырықпен жөтелген кезде жұғады. Бұл таяқшалар әдетте мұрынның шырышында, ауыз қуысында тұрақтап қалады, содан ары бронхыға қарай жылжи береді. Сол себептен туберкулёзбен ауырғанда өкпе зақымданады. Мысалы, 2020 жылы тіркелген туберкулёз жағдайларының 86,9%-ы өкпе, ал 13,1%-ы өкпеден тыс түрлері болған. Сол таяқша ары қарай өтіп, өкпе тініне түскен жерінде кішкентай нүкте қалады. Егер адам бірден емделе бастамаса және туберкулёз тудыратын басқа да факторлары болса, таяқша өсе береді.

Біріншісі – медициналық фактор. Оның ішінде иммунитеттің түсуі, созылмалы аурулардың болуы, сонымен бірге гормондық фонның өзгеруі. Сол себептен қауіп-қатер тобына иммунжетіспеушілігі (АИТВ/ЖИТС), диабеті және эндокринді жүйесінде проблемасы бар адамдар, жасөспірімдер мен жүкті әйелдер кіреді. Қазақстанда созылмалы сырқаттары бар адамдардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқандықтан, туберкулёз де жойылатын түрі жоқ.

Екіншісі – әлеуметтік фактор. Бұл топ алкоголь және нашаға тәуелді адамдарды, түрмеде отырғандарды, үйсіздерді және кедей адамдарды қамтиды. Бірақ осының ішінде ең ауыр азабын тартып жүрген – балалар, олардың ұйқы және тамақтану режимі бұзылған, қажетті медициналық тексеруден уақтылы өтпейді. Бұл олардың ауруын дер кезінде анықтауға және оны емдеуге мүмкіндік аз екенін көрсетеді.

Үшіншісі – биологиялық фактор. Бұл топқа вакциналанбаған және денсаулығының ерекшеліктеріне байланысты БЦЖ вакцинасынан кейін туберкулёзге қарсы иммунитеті түзілмеген балалар кіреді. Осы үш фактор туберкулёздің пайда болуына тікелей әсер етеді. Сондықтан Манту сынамасын алғанда оң нәтиже шыққан бетте фтизиопедиатр ең алдымен баланың аталған үш қауіп-қатер тобына жататын-жатпайтынын тексереді».

Әлеуметтік фактор туберкулёзді «кедей ауруы» атандырды. Алайда бұл ауру жағдайы жақсы адамда да болуы мүмкін, оның иммунитеті түсіп, созылмалы ауруы болса жеткілікті, Кох таяқшасы күндердің күнінде ағзасына түсіп, өсе береді. ДДСҰ бағалауы бойынша, әлем тұрғындарының үштен біріне жуығы клиникалық белгілері көрінбейтін туберкулёз микобактериясын жұқтырған. Осы қатардағылардың 5-10%-ының ішінде «ұйықтап» жатқан инфекция бүгін болмаса ертең бір ауруға шалдықтырады. Жыл сайын әлем бойынша миллиондаған адамда туберкулёз анықталып отыруы үшін осы жеткілікті. ДДСҰ мәліметінше, 2019 жылы бұл аурудан жалпы саны 1,4 миллион адам көз жұмған. Ал 2020 жылдың деректерін коронавирус пандемиясы шатастырып жіберді. Біз өткен материалдарымыздың бірінде мұның бәлесі кейін шығатынын және туберкулёздің бұрынғыдан бетер таралуына әкелетінін айтқан едік. Соңғы зерттеулер осы ауру өршіп тұрған елдерде туберкулёзден өлім-жітім көрсеткіші 20%-ға артатынын болжап отыр.

Жұмыс барысында кездесетін науқастар туралы Лариса Владимировна былай дейді: «Туберкулезден ешкім сақтандырылмаған. Бізге әртүрлі балалар түсіп жатады, олардың ішінде тұрмысы жақсы, бай отбасының балалары да бар. Ата-анасы келіп: «Бұл қалай болғаны? Бәрі жуылады, тазалық сақтаймыз, неге дәл біздің бала ауырып қалды?!» – деп сұрақтың астына алады. Отбасындағы жалғыз бала – оқуы үздік қыз ауырып қалған бір жағдай болып еді, мектепті Алтын белгіге бітіргелі тұрған. Әрине, әке-шешесі бар жағдайын жасап, қадағалап отырған. Алайда тура мектеп бітіру кеші қарсаңында ауырып, карантинге жабылады. Өкінішке қарай, бұл болжап білетін нәрсе емес, туберкулёзбен ауыратын адаммен контактіге түсуден ешкім сақтандырылмаған.

2020 жылдың өзінде ғана Қазақстанда 14 жасқа толмаған балалардың ішінде туберкулёзге шалдыққан 290 жағдай тіркелді.

Кездейсоқтық теориясын бәрі түсіне бермейді. Туберкулёз анықталған жағдайда біз сол адаммен контактіде болғандарды анықтап, санитарлық өңдеу жасауымыз керек. Солай ауырып қалған бір баланың ата-анасы жыларман болып, бұл туралы ешкімге айтпауымызды және санитарлық шараларды өткізбеуді өтінді. Өйткені басқа балалардың әке-шешесі «мына пәтерде туберкулёзбен ауыратын адам тұрады» деп айтатын болады, саусағын шошайтып, беттерін шымшиды дейді. Тағы бірнауқас бала да солай, аурудан кейін мектепке бара алмайтын болдым, бәрі мазақтайды деп жылады. Туберкулёз деген балалардың арасындағы стигма ғана емес, бірақ, өкінішке қарай, дәл осы жаста олар аса жауыз болады».

Туберкулёзді стигматтау

Туберкулёзбен ауыратындарға қатысты қатыгездік біздің қоғамда үнемі кездесіп тұрады, тап осы себептен ауру жұқтырғандар диагнозын жасыруды дұрыс көреді.

Біздің келесі хикаямыздың кейіпкері Бота Гудвин туберкулёзбен ауырғаны туралы алғаш рет өзінің подкастында айтып берді. Ол біздің материалымызда басынан өткені туралы толығырақ айтып береді.

«Менде туберкулёздің жабық түрі болды, қайдан жұқтырғанымды ақыры біле алмадым. Бәлкім, қоғамдық көлікте, әлде басқа жерде болар. Бірақ осы жерде менің кішкентайымнан өкпем дімкәс, иммунитетім төмен болғанын, пневмониямен жиі ауырғанымды айта кету керек. Яғни ауруды жұқтыру үшін «бар жағдай» жасалған болатын.

Диагнозым рентгенге түскенде анықталды, қақырығымда микобактерия болмады. Ауруымды қабылдай алмай, мойындамай жүрдім – қатты ұялдым. Адам дертін жасырып жүруіне көптеген әлеуметтік фактор әсер етеді. Бәрі менен айналып қашатын болды, ауруымды біреуге жұқтырып аламын деп қауіптендім. Сене алмай ұзақ жүрдім: «Мен қалай ғана ауырып қалдым? Мен ішімдікке салынған адам емеспін ғой, түрмеде отырған жоқпын ғой». Оған дейін пневмониямен көп ауырғандықтан, өкпемде көзбен көре алатындай дақтар бар-тын. Бір жағынан күмәнданып жүріп алғаным да сондықтан еді. Жабық статусыма қарамастан, мүмкіндігінше оқшаулануға тырыстым, сөйтіп туберкулёз туралы көбірек оқи бастадым. Сол кезде өзімнің осындай инфекцияларды білмейтін қандай сауатсыз екенімді түсіндім. Қазақстан сол кездің өзінде туберкулёзбен ауыратындар санының көптігі бойынша алғашқы ондықта еді, бірақ біз бұл ауру туралы мүлдем ештеңе білмейміз, қайдағы бір қауесеттерге сенеді екенбіз. Ауруханаға барған кезде, есімде, дәрігерге ауруым туралы айтсам: «Бұл жерге қалай кіріп жүрсің!?» – деп ашулана кетті. Ал менің ауруым жабық түрге жататын, ешкімге жұқтырмас едім.

Туберкулёзім анықталған кезде менде ешқандай симптом болмады: салмағым қалыпты, тіпті керісінше шамалы қосылғандай еді, түнде терлемедім, тәбетім жақсы болды. Жағдайым жақсы бола тұра, қалайша ауыруым мүмкін екенін түсінбедім. Алайда Кох таяқшасы ішіме түскен екен. Соны жою үшін әсері өте қатты антибиотик курсын ішу керек болды. Алайда Қазақстанда ауырып жүрген адамдардың көбі емін тастап кетеді, бұл үлкен мәселе. Олар дәріні іше бастайды да, кейін тастап кетеді, біреулері жанама әсері бар дейді, басқалары жағдайым жақсарды деп ойлайды. Солайша ағзадағы ауру дәріге бойбермей кетеді, туберкулёз дәріге тұрақты болып кетеді, оны жеңу анағұрлым қиын.

Былайша айтқанда, менің жолым болды, менде сезімтал турберкулез еді, оны бірінші қатар дәрілерімен оп-оңай емдеп алуға болады, емделу курсы 6–9 айдан аспайды. Дәріге тұрақты туберкулёз болса, жылдар бойы емделер ем. Дегенмен емделу кезінде мен де оның «кереметін» көрдім – кейде өзімді жатқан қапшық сияқты сезіндім, бірдеме істеуге түк энергиям мен құлқым болмады.

Сонымен қатар қоғамның қабылдамауын сезіндім. Ауырып қалған кезде мен фриланс жұмысқа өтіп, Англияға көшуге дайындалып жүрген едім. Туберкулёзбен ауырған екі құрбымның біреуі диагнозының кесірінен басынан алалаушылықтың көкесін өткерген екен. Артынан жедел жәрдем келіп, алып кеткенде, жұмыстан шығарып жіберіпті. Құрбыларым ауруы туралы мен ашылып айтқаннан кейін ғана айта бастады».

Емделіп шыққан соң Бота Англияға көшудің қамын жасап, құжаттарын жинақтай бастағанда туберкулёзбен ауырмайтынын дәлелдеу керек болған. Ауырып шыққандықтан ғана емес, Қазақстаннан болғандықтан. Англияның өзінде балалары дүниеге келген кезде олар БЦЖ салдыруы міндеттелген, алайда британдардың өзі еліндегі эпидахуал 20 жылдай қалыпты болғандықтан, өздерінің балаларын вакциналамайды. Ал әке-шешесінің бірі туберкулёзбен ауыру деңгейі жоғары елдің тумасы болса, баласына міндетті түрде БЦЖ екпесін салады. Солайша басқалардың жұқтырып алмауы үшін және еліне қонақтап барып қайтса, Ұлыбританияға инфекцияны қайта әкелу қаупінен сақтандырады.

БЦЖ-ны басқа вакцина алмастыра ала ма?

Он сегіз жыл бұрын ҚР Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығына улану симптомы және жөтелі бар төрт айлық қыз түсті. Перзентханада анасына флюорография жасалған, бірақ туберкулёз анықталмаған екен, сөйтіп қызына БЦЖ екпесі салынған. Ауруханаға түскенде, балаға Манту сынамасы жасалып, оң нәтиже шыққан соң, қақырығы тексерілді. Сәбидің де, өкпесін қайтадан рентгенге түсірген анасының да туберкулёзбен ауырып қалғаны белгілі болады. Екеуі де дер кезінде протокол бойынша ем-домын алғандықтан, емделіп кетті. БЦЖ екпесінің арқасында кішкентай қыз туберкулёзді еш асқынусыз еңсеріп шықты. Айналдырған 100 жыл бұрын оның тірі қалып, бір жасқа толуы да неғайбыл еді.

БЦЖ – тірі әлсіздендірілген вакцина, ол өгіз туберкулёзінің қоздырғышы негізінде жасалып, ең алғаш 1921 жылы Парижде жаңа туған нәрестеге салынған. Вакцинаны жасағандар – Алберт Калметт (Calmette) пен Камил Герен (Guérin). Оның атауы да осы есімдерден құралған – «Калметт-Герен бацилласы» (BCG). Аурудың қоздырғышының өзі – туберкулёз микобактериясы, кейбір мәліметтерге қарасақ, жер бетінде 3 миллион жылдан астам уақыт бойы бар екен.

КСРО да БЦЖ вакцинасына 1925 жылы қызығушылық танытып, Харьков, Мәскеу және Ленинградтағы бактериологиялық институттардың негізінде оның ғылыми зерттеуі мен жануарларға егіп тексеруін бастады. Сынақтан сәтімен өткен соң, 1926 жылы туберкулёзбен ауыратын отбасыларындағы балаларға сала бастады да, жылдар бойы оларды бақылап отырды. Шамамен 3 ай сайын білікті мамандардан құралған комиссия ектірілген балаларды қарап, тексеріп, нәтижесін Мәскеуге жіберіп отырған, ол жақта аса мәртебелі ғалымдар деректерді саралаған. Екпе алған балалардың арасында туберкулёзден қайтыс болу деңгейі олармен бірдей жағдайда өмір сүрген, бірақ ектірілмеген балалармен салыстырғанда 4 есе төмен екені анықталды. Зерттеушілердің көбі ектірілген балалар туберкулёзбен ауырған жағдайда да ауруды оңайырақ еңсеріп шығатынын байқаған. Сонымен қатар вакциналанған балалар вакцина алмағандарға қарағанда басқа да жұқпалы аурулармен сирек ауыратынын және жақсырақ дамитыны анықталды. БЦЖ вакцинасы КСРО-да 1934 жылы мақұлданып, жаппай қолдануға енгізіледі.

Соңғы 100 жылда БЦЖ вакцинасы 4 млрд адамға салынды. Соның арқасында балалардың туберкулёзден қайтыс болу деңгейі төмендеп, оның қауіпті түрлерінің дамуы тоқтаған, мысалы, қазіргі ата-аналар балалардың милиарлы туберкулёзі дегеннің не екенін білмейді.

БЦЖ вакцинасы туберкулёз микобактерияларын жұқтырып алудан қорғайды деген кепілдік бермейді, бірақ ол өлім-жітімнен сақтайды, сондай-ақ туберкулёздің алуан түрінің таралуына және 5 жасқа дейінгі балаларда туберкулёз менингитінің болуына жол бермейді.

БЦЖ вакцинасы әлі күнге дейін балалар арасында туберкулёздің асқынуынан сақтамаса да, ауыр түрлерінің алдын алудың жалғыз жолы. БЦЖ салдырған соң вакцинадан болатын асқынулар туралы алдағы материалдардың бірінде талдайтын боламыз, ал осы мақалада БЦЖ вакцинасының жасалғанына 100 жыл өтсе де, оның құрылымы неге өзгермегенін анықтап көреміз. Мысалы, кішкентай балалардың ата-анасын үрейлендіретін АКДС вакцинасы өзгеріске ұшыраған. Бұл сұрақтарымызға ресейлік фтизиатр, Ресей халықтар достығы университеті жұқпалы аурулар кафедрасының қызметкері және туберкулёз туралы «Старина Кох» блогының авторы Ольга Винокурова жауап береді.

«БЦЖ вакцинасы туберкулёзден емес, оның асқынуы мен ауыр түрлерінен ғана қорғайды деген пікірді жиі естимін. Бұл қате сөз. Мұндағы атап өтетін нәрсе, БЦЖ басқа кез келген вакцина сияқты «қорғайды, бірақ 100% кепілдік бермейді» деген принцип жүреді. Сондықтан адам вакцина салдырса да, туберкулёз жұқтырып алған жағдайлар әрқашан бола береді. Туберкулёздің ерекшелігі сол, иммунитет жасуша деңгейінде әрекет ете бастайды. БЦЖ-ның міндеті – біздің жасушаларымызды алдын ала «оқытып қою», яғни науқаспен, бактерия бөлушімен контактіге түскен соң туберкулёз бактерияларының жаппай шабуылына қарсы тұруды үйрету.

Биыл БЦЖ вакцинасына 100 жыл толды. Осы уақыт ішінде вакцинаның тиімділігін көрсетуге бағытталған жоғары деңгейдегі көптеген ғылыми зерттеу жасалды. Негізгі дереккөздерде 2018 жылдың ақпанында жарияланған БЦЖ турасындағы БҰҰ позициясы келтіріледі.

Вакцина туберкулёзден нәрестелерді 82%, мектеп жасындағы балаларды 64% тиімділікпен қорғайды.

Бұл қорғаныстың өте жақсы деңгейі екенімен келісесіз ғой? Ал туберкулёздің өлімге әкелетін ауыр түрлеріне қатысты айтар болсақ (олар кейде жедел басталып кететіні соншалық, тіпті дұрыс диагнозын қойып та үлгеру мүмкін емес), мұндағы БЦЖ-ның қорғау тиімділігі одан да жоғары – 90-92%.

Сонымен қатар кеңес зерттеушілері өткен ғасырдың 60-жылдарында БЦЖ-мен жаппай вакциналауды енгізу нәтижесінде өкпе туберкулёзінің жеңілірек және ауыртпалықсыз өтетінін байқаған. Сондай-ақ басқа мүшелерге қайта жайылу, туберкулёз плевриті мен өкпе тінінің ыдырау жағдайлары барынша сиреген.

Қалай дегенмен, БЦЖ вакцинасы мінсіз емес. Біріншіден, оның әрекеті бірнеше жыл ғана созылады, сәйкесінше, үлкендерге әсер етпейді. Екіншіден, аурудан сақтау тиімділігі максимал деңгейде емес. Ондаған жыл бойы жаңа вакцина жасау бойынша жұмыс жүріп келеді, бірақ олардың ешқайсы әлі тіркелмеді, өйткені БЦЖ-дан артық бірнәрсе шығару мүмкін болмай жатыр. Қазіргі уақытта басты кандидаттар – бустерлі, яғни негізгі вакцина әрекетін күшейтетін және ұзартатын вакциналар, бірақ олардың ешқайсы әзір БЦЖ-ны алмастыра алатындай емес».

Қазақстандағы БЦЖ-мен вакциналау

Туберкулёздің ауыр түрлерінің алдын алу үшін жаңа туған сау нәрестелер Ұлттық екпелер кестесіне сәйкес туған бетте 2–4 тәуліктің ішінде алғашқы БЦЖ вакцинасын алады. Вакциналауға қарсы көрсетілімдердің толық тізімі Туберкулёздің алдын алу туралы №214 бұйрықта көрсетілген. Баласына вакцина салдырмас бұрын нәрестелердің аналары туберкулёз ықтималдығын болдырмау үшін флюорография өтуге міндетті. Егер нәресте медициналық көрсетулер себебінен БЦЖ ектірмесе немесе ата-анасы екпеден бас тарту туралы құжатқа қол қойса, онымен бір үйде тұратын адамдардың барлығын флюорографияға түсіру қажет. Анасы баласымен перзентханадан тек барлық міндетті анықтамаларды әкеліп көрсеткеннен кейін ғана шыға алады.

БЦЖ вакцинасының қорғанысы орта есеппен 5–6 жылға жетеді – барлығы әр баланың иммунитетіне байланысты. Қазақстанда балаларға 6 жасында БЦЖ-ның екінші екпесі салынатыны дәл осы себептен. Қайта вакциналау Манту сынамасы теріс нәтиже көрсеткенде ғана және екі аптаның ішінде жасалады. Егер Манту сынамасы күмәнді нәтиже көрсетсе, 3 айдан кейін сынама қайта жасалады. Манту сынамасы оң нәтиже берсе, баланың жұқтыру ықтималдығы Диаскинтест (АТР – еск.) арқылы тағы тексеріледі. Бала 6 жасқа дейін туберкулёзбен ауырса, оған екінші екпе салынбайды. Статистика бойынша, қайта вакциналауға БЦЖ екпесін перзентханада салдырған балалардың үштен екісінен де азы келеді. БЦЖ екпесін 2020 жылы туған нәрестелердің 92,8%-ы алса, ал 6 жасқа дейінгі балалардың қайта вакциналаумен қамтылғаны 58,7%.

2018 жылы жарияланған зерттеу қорытындылары қайта вакциналау қандай да бір көрінеу нәтиже бермейтінін көрсеткен. Алайда екпемен алдын алу бойынша мамандар әлдебір факторлар әлі зерттеліп болмаған деген ықтималдықты алға тартады. Туберкулёз әлі де қаһарына мініп тұрған кейбір ТМД елдерінде балалар әлі де 6–7 жасында екінші екпесін алып жүр. Қайта вакциналаудағы Ресейдің тәжірибесі және екінші екпенің қаншалықты маңызды екені туралы Ольга Винокурова ойын бөлісті:

«БЦЖ-мен қайта вакциналаудың қорғаныс тиімділігі шынымен әлсіз. Екінші екпесін алатын балалардың саны жылдан-жылға азайып келеді. Қазір біз жоспарлы түрде ревакцинацияны алып тастауға қарай жылжып келе жатырмыз, өйткені ДДСҰ да айтқандай, бұл тиімділігі аз шара. Менің тәжірибемде «міне, мынау» деп көрсететіндей бір жайт болмады, сондықтан мен бұл мәселеге байыпты қараймын. Егер ата-анасы баласының қосымша қорғанысы болсын десе, оның қайта ектірілуіне қарсы емеспін, бірақ бұл шынымен тиімді ме, жоқ па, оны енді айта алмаймын, сондықтан біз екінші екпеден керемет күтудің қажет еместігін ашып айтамыз».

Қазақстанда БЦЖ вакцинасын тек перзентханалар мен мемлекеттік емханаларда салады. Жекеменшік медициналық және екпе орталықтарында бұл вакцинаны салмайды. БЦЖ екпесін салудың өз техникасы бар, оның үстіне талап бойынша, жеке егу кабинеті болуы шарт. 2021 жылдан бастап Қазақстанда ДДСҰ-ның қайта квалификациясынан өткен Serum Institute of India Pvt.Ltd. деп аталатын үнді өндірушісінің вакцинасы қолданылады.

Келесі материалымызда БЦЖ-дан болатын поствакциналық асқынулар мен Манту сынамасы мен АТР арқылы балалардан туберкулёзді анықтауға қатысты сұрақтарды қарастырамыз.

БЦЖ туралы ең маңызды фактілер

Редакция фтизиатрлар Лариса Владимировна Кастыкбаева мен Ольга Винокуроваға, сонымен қатар ҚР ҰҒФО материалды дайындау барысында көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді. Архивтік иллюстрациялар мен фотоларды ОММ ҒТҚ және ОМ КФҚДЖА берді.

Осы материалды дайындау барысында біз мына дереккөздерді пайдаландық:

1. ХІХ ғасырдағы құрт ауруы

2. ОММ ҒТҚ, «Қазақстандағы ғылыми медициналық мекемелердің тарихынан: 1941–1945 жж.» кітабы

3. ДДСҰ туберкулёз туралы

4. ҚР денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 30 қарашасындағы №214 «Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы

5. COVID-19 пандемиясы кезіндегі туберкулёз

6. БЦЖ вакцинасы турасындағы ДДСҰ позициясы

7. Қазақстандағы БЦЖ вакцинасы: туберкулёзге қарсы екпе

8. «Пандемия кезіндегі иммундау» вакцина туралы курс

9. Nature журналының БЦЖ вакцинасына 100 жыл толуына орай мақаласы

10. Барлық ресми статистика мен ақпаратты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті берді.

Осы материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің және АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми ұстанымын білдіруі міндетті емес.

Стиль жизни

Новости

Теги